Алматыда ересек ер адам ойын алаңында жүрген баланы теуіп жіберген. Полицияның баспасөз қызметі жағдайға түсінік берді, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Оқиғаның видеожазбасы әлеуметтік желілерде тарады. Видеодан балалардың бір-бірімен ойнап жатқаныкөрінеді. Сол кезде кадрға ірі денелі ер адам жүгіріп кіріп, бір баланы теуіп жібереді. Бала құлап, ер адам кетіп қалады.
Полиция департаменті жағдайға қатысты мәлімдеме жасады.
“Әлеуметтік желілерде тұрғын үй кешенінің ауласында ер адамның кәмелетке толмаған баланы ұрған сәтін көрсететін видео тарап жатыр. Осы дерек бойынша Алатау ауданы полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды”, — деп хабарлады полиция.
Оқиғаның барлық мән-жайлары анықталып жатыр. Тергеудің барысы полиция департаментінің басшылығының бақылауында.








