Алматыда тағы бір құрылыс компаниясы лицензиясынан айырылды, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы қалалық қала құрылысы бақылау басқармасы мәлімдеді.
Шаралар “СК MEGARON” ЖШС-не қатысты қабылданды. Аталған компания қаланың бірқатар көшелерінде – Хмельницкийден Майлинге дейінгі аралықта су құбыры желілерін қайта құрумен, сондай-ақ Мынбаев пен Манас көшелеріндегі су құбырын жаңғыртумен айналысқан.
Техникалық қадағалау тарапынан келіп түскен өтініш негізінде басқарма мердігер ұйымға жоспардан тыс тексеріс жүргізген.
“Құрылыс саласындағы мемлекеттік нормалар талаптарының сақталмағаны анықталды. Компания әкімшілік жауапкершілікке тартылып, құрылыс лицензиясынан айырылды”, – делінген қалалық басқарманың хабарламасында.
Қазан айының соңында Алматыда құрылыс компанияларына ауқымды тексерулер жүргізіле бастағаны белгілі болды – бірнеше мердігер өрескел бұзушылықтар үшін лицензияларынан айырылды. Мәселен, “AsiaMaх”, “СК 7 строй” ЖШС де лицензиясынан айырылды.
Фото: depositphotos.com








