Әнші Рахат Тұрлыханов тағы да отбасылық жанжалға байланысты полицияға жеткізілді, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Бұған дейін БАҚ-та 15 наурыз күні қазақстандық әнші Рахат Тұрлыхановтың жұбайын ұрды деген күдікпен ұсталғаны туралы ақпарат таратқан. Мәліметке сәйкес, жанжалдан кейін ол Алматы қаласының Медеу аудандық полиция басқармасына жеткізілген.
Алматы қалалық полиция департаменті әншінің жұбайын ұрды деген күдікпен полиция бөлімшесіне жеткізілгенін растады.
“Медеу ауданында болған отбасылық жанжал бойынша түскен шақыртуға полиция қызметкерлері оқиға орнына барып, жанжалға қатысқан тараптарды анықтау үшін аудандық полиция басқармасына жеткізген. Тексеру барысында әйел бастапқыда өзіне күш қолданылғанын айтқан. Алайда кейіннен ол бұл мәлімдемесін жоққа шығарып, тек отбасылық жанжал болғаны туралы арыз жазған. Нәтижесінде ер адамға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің “Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттер” бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылған.
Айта кетейік, 2024 жылдың қаңтар айында Рахат Тұрлыханов жұбайына қол көтергені үшін сот алдында жауап берген. Сотта желтоқсан айында үйінде жанжал шығарып, әйеліне дене жарақатын салғаны анықталған.
Сот барысында әнші өз кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтып, істі тараптардың татуласуына байланысты тоқтатуды сұраған. Жұбайы да күйеуін кешіргенін және татуласқанын растаған. Алғашында сот Тұрлыхановты кінәлі деп танып, тек ескерту жасаумен шектелген. Алайда кейін бұл шешім қайта қаралып, бұрын да осындай оқиғалардың болғаны ескеріліп, оған 10 тәулікке әкімшілік қамау жазасы тағайындалған.
Кейінірек Тұрлыханов жұбайымен бірге видеоүндеу жариялаған. Онда әншінің әйелі жағдайдың қалыпты екенін айтып, қоғамды алаңдамауға шақырған.
“Менде бәрі жақсы. Рахат – сүйікті, қамқор әрі мейірімді күйеу және әке. Әр отбасыда болатындай, бізде де кейде түсініспеушіліктер мен ұрыстар болды. Бірақ жағдайды толық білмей тұрып, оны БАҚ-та жағымсыз жағынан көрсетіп жатыр”, – деген еді ол.








