Астанада жекеменшік стоматологиядағы үш жасар қыздың өліміне қатысты сот процесі жалғасуда. Оның өліміне Dent Park Ohno клиникасының анестезиологы Аида Жұмағалиева айыпталуда, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Айта кетейік, 2024 жылдың 30 қазанында стоматологияда жасалған процедурадан кейін үш жасар қыз наркоздан оянбан.
Іс бойынша анестезиолог айыпталуда . Тісті емдеген стоматолог сотқа тартылмаған. Іс Қылмыстық Кодекстің “Медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы, абайсызда адамның өліміне әкеп соқтыру” бабы бойынша қаралып жатыр.
Айыпталушыны төрт жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру, сондай-ақ үш жылға дейін белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айыру жазасы күтіп тұр.
25 қарашадағы сот отырысында прокурор медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің сараптама нәтижелерін оқып берді.
Сарапшылар құжаттарда бірқатар бұзушылықтарды анықтаған. Атап айтқанда стоматологиялық карта болмаған, ақпараттандырылған келісім дұрыс рәсімделмеген, консультацияға қатысты жазбалар жоқ. Видеоматериалдармен сәйкес келмейтін жайттар анықталған, диагноздар аурудың сипатын толық көрсетпеген, ал қолданылған кейбір препараттар құжатта тіркелмеген.
“Кетотифен, супрастин және кальций сияқты медициналық препараттардың енгізілгені анықталды. Олар медициналық құжаттарда көрсетілмеген, бірақ мәйітті ашу кезінде және бейнежазбадан көрінген”, – деді прокурор.
Сонымен қатар, сараптама деректеріне сәйкес, анестезиолог қарсы көрсетілімдер бола тұра әрекет жасаған.
“Анестезия кезінде және пациенттің жағдайы нашарлаған сәтте капнография жүргізілмеген. Жүрек-өкпе реанимациясының уақыты, ұзақтығы және енгізілген препараттардың мөлшері көрсетілген хаттама болмаған. Артериялық қысым өлшенбеген. Анестезиолог пациенттің жағдайы нашарлаған тұста анестезияны қажетсіз тереңдеткен. 13:55-те анестетик беру тоқтатылған. Қысым 80-ге дейін түскен. 13:58-де анестезиолог анестетикті қайтадан 8 пайызға дейін арттырған. Наркоз кезінде де, жағдай нашарлағаннан кейін де кардиомониторинг жүргізілмеген. Жағдай нашарлаған сәтте жүрек жұмысын көтеру үшін баланың жасына сәйкес келмейтін 0,1 мг адреналин енгізілген”, – деп оқыды прокурор.
Сараптама қорытындысына сәйкес, өлім гипоксия салдарынан туындаған ми ісінуінен болған.
“Сот-медициналық ашу ережелеріне сәйкес, тіндік гипоксия медициналық седация және жасанды тыныс алдыру аясында, екі жақты пневмония және жүрек-қантамыр жеткіліксіздігімен қосарланып дамыған, бұл ми ісінуіне және өлімге алып келген”, – деді мемлекеттік айыптаушы.
Сот процесі жалғасып жатыр.
Фото: Видеодан скрин








