Әлеуметтік желілерде Астанадағы түнгі клубтардың бірінің маңында болған төбелес туралы ақпарат тарады. Оқиға салдарынан 18 жастағы жігіт қаза тапқан, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, Астанадағы түнгі клубтардың бірінің маңында жас жігітті пышақтап кеткен.
Полицияның баспасөз қызметі бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Екі күдікті ұсталды.
“Полиция қызметкерлері екі күдіктіні ұстап, олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Анықталғандай, түнгі ойын-сауық орындарының бірінің маңында жастар арасында келіспеушілік туындап, арты төбелеске ұласқан. Нәтижесінде 18 жастағы азамат алған жарақаттарынан көз жұмды”, — деп хабарлады Астана қалалық полиция департаменті.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Астанадағы түнгі клубтардың бірінде тағы бір резонансты оқиға болған еді. Ол кезде жанжал салдарынан 19 жастағы жас жігіт қаза тапқан.
Фото: depositphotos.com








