Атыраудағы “Геолог” ықшам ауданында үй маңынан Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалинаның денелері табылып, мүрделерде үшкір заттан қалған жарақаттар анықталды, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құттыбай Садықов хабарлады.
Оның сөзінше, марқұмдардың нақты қашан және неден көз жұмғаны сот-медициналық сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады.
Еске сала кетейік, жуырда полиция Жангелдин ауылында бүтін бір отбасының өліміне күдікті Сұлтан Сарсемалиевті оқиға орнына апарып, қылмыстың қалай жасалғанын көрсетті. Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті ата-енесін өлтіріп, денелерін аулада 1,5 метр тереңдікте қазылған шұңқырға көмген. Үстіне диван қойып, ізін жасыруға тырысқан.
29 жастағы Сұлтан Сарсемалиев бұрынғы әйелінің туыстары — Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалинаны қаладағы жалдап тұрған үйдің маңына көмген.
Кеше ІІМ олардың денелері Сұлтан Сарсемалиев пен Ақбаян Мұқанғалиеваның қаладағы жалдап тұрған үйінің жанынан табылғанын растады. Айта кетейік, бұл аумақты екі ай бұрын полиция арнайы техникамен тексерген.
Күдіктілер ақпан айында Индонезияның Ломбок аралындағы Сенару ауылында аса ауыр қылмыс жасаған деп күдікке ілінген және бірнеше күннен кейін Атырауға жеткізілген.








