Атырауда ауласындағы итті күрекпен ұрған әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Желіде тараған видеода келіншек байлаулы тұрған итті күрекпен аяусыз ұрып, жарақаттағанын көруге болады.
“31 наурыз күні шамамен сағат 17:30-да полицияға үй жануарына қатыгездік көрсету фактісі туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары көрсетілген мекенжайдан 39 жастағы әйелді анықтаған”, – делінген хабарламада.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, олар келген кезде әйел қарсылық көрсетіп, заңды талаптарды орындамаған. Осыған байланысты ол полиция қызметкерлерінің заңды қызметіне кедергі келтіргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар жануарларға қатыгездікпен қарау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
“Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Жануарларға қатыгездікпен қарау — тұрмыстық “жанжал” емес, қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатын құқықбұзушылық. Мұндай барлық фактіге құқықтық баға берілетін болады”, – деп мәлімдеді ПД баспасөз қызметі.








