Премьер министр Олжас Бектенов министрліктерге медицина қызметкерлерінің мәселесін шешуге 10 күн уақыт берді, деп хабарлайды +7.kz.
Премьер-Министр Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары бойынша кеңес өткізді. Ол медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігіне басымдық беру керек екенін атап өтті.
“Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауды қамтамасыз ету қажет. Медицина қызметкерлеріне жасалған шабуылдарға қатысты оқиғалар заң аясында қатаң түрде тоқтатылуы тиіс. Осыған байланысты Денсаулық сақтау, Ішкі істер және Әділет министрліктеріне он күн ішінде медицина қызметкерлеріне қызметтік міндетін атқару кезінде күш қолданғаны үшін қылмыстық жаза енгізу жөнінде заңнамалық түзетулер әзірлеп, ұсынуды тапсырамын”, – деді Бектенов.
Сонымен қатар, халық арасында профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2019 жылдан бері Қазақстанда дәрігерлерге, фельдшерлерге, медбикелер мен денсаулық сақтау саласының басқа да қызметкерлеріне жасалған 170-тен астам шабуыл тіркелген.
Қарағандыдағы ауруханада ер адам медбикені аяусыз соққыға жыққан (видео)
Ақмарал Әлназарованың айтуынша, медицина қызметкерлеріне жасалған шабуылды құқық қорғау органдары қызметкерлеріне шабуылмен теңестіруді, ауруханаларға кешенді қауіпсіздік жүйелерін енгізуді, смарт-бейнежетондар қолдануды және қабылдау бөлімдеріне тәулік бойы полицейлерді орналастыруды көздейтін бірқатар заңнамалық түзетулер дайындалуда.
Ішкі істер министрінің мәліметінше, қазіргі таңда ауруханалар мен перинаталдық орталықтардың қабылдау бөлімдеріне тәулік бойы полицейлік бекеттер қойылған. Барлығы 115 денсаулық сақтау нысаны күзетке алынған. Оқиғаларға жедел ден қою мақсатында патрульдеу бағыттары осы мекемелерге жақындатылған. Қазіргі таңда медицина мекемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жекелеген шаралар қабылданған.








