Бестеректегі жол апатынан зардап шеккен қыздың жағдайы аса ауыр, деп хабарлайды +7.kz.
Пациент Семейдегі облыстық орталықта ем қабылдауда. Мамандардың айтуынша, жағдайы әлі де ауыр болғандықтан, Астанаға көшіру мәселесі қарастырылмайды.
“Науқас комада, тыныс алу аппаратымен үйлестіру үшін медикаментозды қолдау көрсетіліп жатыр. Жағдайы аса ауыр, бірақ тұрақты. Динамикада нашарлау жоқ. Астанаға көшіруді жоспарламаймыз. Телемедицина арқылы Астанамен үнемі байланыстамыз”, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Талғат Молдабеков.
19 тамыз күні Бестерек ауылында Toyota көлігіалты баланы қағып кетті. Екі бала оқиға орнында қаза тауып, біреуі медициналық мекемеге барар жолда көз жұмған. Тағы үшеуі түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.
Олардың екеуі санитарлық авиациямен Астанаға жеткізілді. Ал тоғыз жасар қыз Абай облыстық аудандық ауруханасында жансақтау бөлімінде аса ауыр хәлде қалған.
Үржар аудандық полиция бөлімінің мәліметінше, 55 жастағы жүргізуші оқиғадан кейін ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Сараптама оның апат кезінде мас болмағанын көрсетті.
Артынша апатқа қатысты алғашқы сот отырысы өтті. Белгілі болғандай, апатқа себепкер жүргізушінің көлік басқаруға тыйым салатын диагнозы болған.
“Медициналық құжаттарға сәйкес, жүргізуші 2013 жылдан бері эпилепсия диагнозымен невропатологтың диспансерлік есебінде тұр. Соған қарамастан, 2020 жылы оған “B, B1, C, C1, D, D1, BE, C1E, CE, D1E, DE” санатындағы көлік құралдарын басқаруға құқық беретін жүргізуші куәлігі берілген”, – деп хабарлады Абай облыстық сотының баспасөз қызметі.
Сотта белгілі болғандай, 2025 жылдың сәуірінде Үржар аудандық прокуратурасы психиатрда, наркологта немесе невропатологта есепте тұрған, көлік басқаруға тыйым салынған диагнозы бар 62 адамның жүргізуші куәлігі бар екенін анықтаған. Прокуратура оларды жүргізуші құқығынан айыруды талап еткен.
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі








