Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотында блогер Ерболат Жанабыловқа қатысты іс қаралып жатыр, деп хабарлайды +7.kz.
Сот барысында туризм және спорт министрлігінің ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитетінің өкілдері сөз алды. Істі судья Малика Ноғайбекова қарап жатыр.
Сотта айтылғандай, 2025 жылғы 21 тамызда комитетке азамат Советбековтен өтініш түскен. Ал 22 тамызда қаржы мониторингі агенттігінен Жанабыловтар отбасының Instagram аккаунты арқылы заңсыз лотерея қызметін ұйымдастыру мүмкіндігі туралы хабарлама келіп түскен.
Комитеттің мәліметінше, блогерлердің парақшасынан белгілі болғандай ақша, он автомобиль және өзге де құнды сыйлықтар ұтыстары жүйелі түрде өткізіліп, жеңімпаздарға төлем жасалған. Ал заң бойынша лотерея операторы емес тұлғаларға лотерея өткізуге тыйым салынады.
Сондай-ақ Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитетінің өкілдері блогерлер ұсынған курс сатуды бақылау барысында олардың мәлімдемесі жарияланған жарнама мазмұнына сай еместігі анықталғанын хабарлады. Ведомство дерегіне сәйкес, аталған курс формалды сипатқа ие, практикалық құндылығы жоқ, ал олардың 30 мың теңгелік бағасы негізсіз қымбат деп танылды.








