Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) өткізу ережелерін өзгерту қажет екенін айтты, деп хабарлайды +7.kz.
Мәжілісте әлеуметтік салада жасанды интеллектті қолдану мәселелері бойынша дөңгелек үстел өтіп жатыр. Білім беру саласына ІІ енгізу тақырыбын талқылай келе, Асхат Аймағамбетов ҰБТ-ға қатысты сұрақтарды көтерді. Депутат жасанды интеллектің дамып келе жатқанын ескеру керек екенін айтты.
“Ұлттық бірыңғай тестілеу де жоғары білім және ғылым министрлігінің құзырында. ҰБТ өзгеруі тиіс. Бұл, негізінде, біздің мектеп түлектері үшін қорытынды аттестация болып есептеледі. ҰБТ қалай өзгереді? Сұрақтар қалай өзгереді? деген сұрақтар туындайды. Бұрынғы нәтижелерге қарап бағалай алмаймыз. Чат GPT-ді қайтеміз?” – деп сауал жолдады министрлік өкілдеріне Аймағамбетов.
Министрліктегілер бұл сұраққа әзірге нақты жауап берілген жоқ.
Елімізде ҰБТ өткізу ережелері 2017 жылы бекітілген. Кейінгі жылдары оған өзгерістер енгізілді.
Тестілеу 5 пәннен тұрады: үші міндетті және екеуі бейіндік пәндер (таңдау бойынша). Барлығы 120 тест тапсырмасы беріледі: Қазақстан тарихынан – 20, математикалық сауаттылықтан – 10, оқу сауаттылығынан – 10 және екі бейіндік пәннен – 40 тапсырмадан.
Емтиханға 4 сағат (240 минут) уақыт бөлінеді, ал ерекше білім беру қажеттіліктері бар тұлғаларға қосымша 40 минут беріледі. Тестілеу электронды немесе қағаз форматында өткізіледі. Тест нәтижесі бойынша, сондай-ақ тапсырмалар мазмұны бойынша апелляция беру мүмкіндігі бар.
Фото: Ұлттық тестілеу орталығы








