Тоқаев киберқауіпсіздікті күшейту мәселесін көтеріп, отандық мессенджерге көшуді тапсырды, деп хабарлайды +7.kz.
“Жасанды интеллектінің дамуымен қауіп-қатердің мүлдем жаңа түрлері пайда болды. Үйреншікті әрекет ету механизмдері оған бейімделіп үлгермей жатыр. Нейрожелілер көмегімен адамның биометриялық көшірмесі жасалатынын, дауысын, бет әлпетін, тіпті мінез-құлқын айнытпай салуға болатынын бәріміз көріп отырмыз . Бұл азаматтардың жеке мәліметі мен банк есепшоттарына қол жеткізуге, қоғамдық пікірді бұрмалайтын жалған бейнероликтер жасауға мүмкіндік береді”, – деді президент.
Оның сөзінше, жыл басынан бері деректердің қолды болуына байланысты 40-тан астам факті тіркелген.
“Киберқауіпсіздік саласындағы бүгінгі ахуал құзыреттердің дұрыс бөлінбеуі және шашыраңқылығы салдарынан күрделеніп отыр. Бір жағынан ақпараттық қауіпсіздікке Цифрлық даму министрлігі құрамындағы Ақпараттық қауіпсіздік комитеті мониторинг жүргізеді. Екінші жағынан қауіпсіздік талаптары бойынша техникалық сынақтар жүргізу және сертификаттау Ұлттық қауіпсіздік комитетіне бағынышты Мемлекеттік техникалық қызмет құзырында. Бұл жағдайды тез арада түзеу керек”, – деді Тоқаев.
Тоқаев қазіргі кезде іскерлік және қызмет бабындағы байланыстың, соның ішінде азаматтарға тиесілі жеке деректердің тарауыүдерісінің басым бөлігі халықаралық мессенджерлер арқылы жүзеге асатынын алға тартты.
“Бұл платформаларда жеке сәйкестендіру нөмірін, азаматтардың денсаулығы туралы мәліметті және басқа да деректерді жиі сұрайды. Мұндай тәжірибе жеке мәліметтерді қорғау туралы заңнамаға қайшы және ұлттық юрисдикциядан тысқары жерге деректердің тарап кетуіне әкеліп соғады. Қазақстанда отандық Aitu мессенджері әзірленді. Ол тиісті қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз ете алады. Үкімет жеке деректерді қолданатын барлық коммуникацияны қорғалған ұлттық мессенджерге көшіру мәселесін пысықтауы керек”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Фото: depositphotos.com








