14 қараша күні таңертең Украина Қарулы күштерінің дрондары Новороссийсктегі ірі мұнай құю кешендерінің бірі “Шесхарис” терминалына соққы берді, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агентігі.
“Шесхарис” терминалы Атырау–Самара–Новороссийск және Махачкала–Новороссийск құбыр желілері арқылы казахстандық мұнайды экспорттауда да қолданылады.
Бұл мәселеге байланысты энергетика министрлігі аталған шабуыл Қазақстан Республикасынан мұнай тасымалдау процесіне әсер етпегенін мәлімдеді.
“Қазіргі уақыттағы жағдай бойынша Атырау – Самара және Ақтау – Махачкала жүйелері арқылы қазақстандық мұнайды қабылдау және тасымалдау қалыпты режимде, ешқандай шектеусіз жүзеге асырылып жатыр. Ведомство жедел ақпарат алу үшін “Транснефть” компаниясымен байланыста. Жағдай тұрақты бақылауда”, — деп хабарлады министрлік.
Еске салсақ, қазан айының соңында украиналық дрондар Орынбордағы газ өңдеу зауытына соққы берген болатын, бұл соққы оның ішінде Қазақстан үшін де газ өңдеу процесіне әсер еткен еді.
Фото: Әлеуметтік желіден








