Палестиналық ХАМАС тобы Газа секторында 60 күнге атысты тоқтату жөніндегі АҚШ-тың ұсынысына кеңейтілген жауап жариялады. Олар 10 израильдікті босатуға және қаза тапқан 18 тұтқынның мәйітін қайтаруға келісім берді, деп хабарлайды Plus7.kz.
Бұған жауап ретінде ХАМАС Израиль түрмелеріндегі палестиналық тұтқындарды босатуды талап етті.
Алайда АҚШ президентінің өкілі Стив Уиткофф бұл шарттарды қолайсыз деп бағалады, ал Израиль үкіметі ұсынысты қабылдамады.
ХАМАС бұрынғы талаптарын қайта қойды. Олар атысты толық әрі тұрақты тоқтату, Израиль әскерін Газа секторынан толық шығару және гуманитарлық көмектің үзіліссіз жеткізілуіне кепілдік беруді сұраған.
«ХАМАС біздің ұсынысты қабылдауы керек. Бұл – алдағы күндері 60 күндік атысты тоқтату туралы мәмілеге келудің жалғыз жолы. Осылайша, тірі қалған тұтқындардың жартысы және қаза тапқан тұтқындардың денелері отбасыларына қайтарылады. Сол кезде ғана біз тұрақты атысты тоқтату туралы шынайы әрі мазмұнды талқылауларды бастай аламыз», – деп жазды Уиткофф.
Уиткоффтың бұл жазбасынан кейін Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың кеңсесі де арнайы мәлімдеме жасап, ХАМАС ұсыныстан бас тартқанын айтты.
«Израиль өз тұтқындарын босату үшін Уиткоффтың жаңартылған схемасына келісім берді, ал ХАМАС бас тартты. ХАМАС-тың жауабы – қабылданбайтын және жағдайды ушықтыратын қадам. Израиль тұтқындарды қайтару және ХАМАС-ты жою бойынша өз әрекеттерін жалғастыра береді», – делінген мәлімдемеде.
Фото: Shutterstock








