Талғар аудандық соты Хасан Қасымбаев пен тағы бес сотталушыға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Хасан Қасымбаевпен бірге Руслан Әлиев, Мадияр Қалимжанов, Сайлау Ақжанов, Нұрмұхаммет Сұлтанбеков, Данияр Асқаров айыпталған.
Олардың бәріне Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айып тағылған: адам ұрлау, қасақана ауыр жарақат салу және қорқытып ақша алу.
“Сот үкімімен Хасан Қасымбаев кінәлі деп танылып, оған орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды”, – делінген хабарламада.
Тергеу материалдарына сәйкес, айыптау екі эпизод бойынша тағылған. Жәбірленушілер ретінде кәсіпкер Әріпжан Тәжіев пен фитнес-жаттықтырушы Арман Әлімов танылған.
Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Қасымбаевқа — 15 жыл, ал қалған сотталушыларға 9 жылдан 22 жылға дейінгі мерзім сұраған болатын.
Еске салайық, Хасан Қасымбаев былтыр қараша айында қамауға алынған еді.
Кеше Хасан Қысымбаевтың жақындары сот ғимаратының алдына жиналып, президентке үндеу жолдаған еді. Ал Қасымбаев сот отырысы кезінде соңғы сөзін айттып, өзінің кінәлі емес екенін алға тартқан.








