Талғар аудандық сотында Хасан Қасымбаевтың ісі бойынша сот отырысы өтіп, онда айыпталушы соңғы сөзін айтты, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Хасан Қасымбаевқа үш бап бойынша айып тағылған: адам ұрлау, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және қорқытып ақша алу. Онымен бірге тағы бес адам айыпталып отыр. Істе екі жәбірленуші бар. Олар Арман Әлімов пен Әріпжан Тәжиев.
Айта кетейік, Қасымбаев 2024 жылдың 2 қарашасында ұсталған.
Сөзінде Хасан Қасымбаев өзіне қарсы қозғалған істің қолдан ұйымдастырылғанын және тек жәбірленушінің айғақтарына негізделгенін айтты. Оның сөзінше, тергеу мен сот барысында Қылмыстық-процестік кодекстің көптеген нормалары бұзылған.
“Бұл істі қоғамды тыныштандыру үшін ойлап тапты. Кінәлі адам керек болды, сол рөлге мені қойды. Менің кінәмді дәлелдейтін бір де бір айғақ жоқ. Бәрі тек Әлімовтың сөзіне сүйеніп отыр, ал ол – нашақор әрі бұрын сотталған адам”, – деді Қасымбаев.
Ол өзіне тағылған айыптардың Шерзат Полат ісі төңірегіндегі резонанс пен “Әлімовтың жалған айғақтарына” байланысты екенін де айтты.
“Мені Шерзат Полат ісі төңірегіндегі шудың кесірінен соттап жатыр. Тағы да Әлімовтың жалған сөздері себеп болды. Барлық айып тек оның сөздеріне негізделген, ешқандай дәлел жоқ. Мен Құдай мен заң алдында арым таза адаммын. Үйде мені отбасым мен балаларым күтіп отыр. Соттан әділ шешім шығарып, мені қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтауды сұраймын”, – деді айыпталушы.
Сонымен қатар ол өзін “Хутор” атты ұйымдасқан топтың басшысы деп атаған ақпаратты Әлімовтың өзі таратқанын айтты.
“Әлімовтың мен туралы “Хутор” деген ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы деп өтірік әңгіме таратты. Бірақ мұндай топтың бар екенін ешкім де дәлелдеген жоқ”, – деді Қасымбаев.
Сот басталар алдында сот ғимараты алдында ондаған адам жиналып, Хасан Қасымбаевқа қолдау білдірді.
Бұған дейін прокурор Ерлан Құланбаев Қасымбаевқа 15 жыл бас бостандығынан айыруды, ал қалған айыпталушыларға 9 жылдан 22 жылға дейін жаза тағайындауды сұр
Прокуратураның пікірінше, Қасымбаев 2021 жылы жасалған қылмыстарға тікелей қатысы бар.
Айта кетейік, Талғарда “Хутор бандасының” басшысы деп аталып жүрген Хасан Қасымбаев 2024 жылдың 5 қарашасында қамауға алынған. Алайда оған ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оны басқару бабы бойынша айып тағылмаған.
Фото: Видеодан срин








