Скриншот
Иран Израильге зымыран шабуылын жүзеге асырды, деп хабарлайды +7.kz.
Израиль Қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Тель-Авив пен маңайындағы қалаларда бірнеше жарылыс болғанын растады. Шабуыл кезінде Иран аумағынан шамамен 100-ге жуық баллистикалық зымыран ұшырылған. Ашдодтан бастап солтүстіктегі Хайфаға дейін жарылыстар мен әуе шабуылынан қорғаныс жүйелерінің іске қосылғаны тіркелген.
«Қорғаныс жүйелері қауіптің жолын кесуге тырысып жатыр. Халыққа қауіпсіз жерлерге жасырынуға және қосымша нұсқаулықтар болғанға дейін сол жерде қалуға кеңес береміз», — делінген ЦАХАЛ мәлімдемесінде.
Бұл Иранның Израильдің бұрын жасаған ауқымды әскери операциясына берген жауабы ретінде қарастырылуда. Израиль тарапы бұған дейін Ирандағы 100-ден астам нысанға, соның ішінде ядролық инфрақұрылымдарға соққы жасаған болатын. Әскери операция кезінде 200-ден астам ұшақ пен 330-дан астам зымыран қолданылған.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, Израиль әскери-әуе күштері Ирандағы зымыран ұшыру құрылғылары мен инфрақұрылымдарға соққы беруді жалғастыруда. Сондай-ақ, Натанздағы уран байыту зауыты мен Исфахандағы ядролық нысан да шабуылға ұшыраған. Иран Атом энергиясы ұйымының өкілі Бехруз Камальвандидің айтуынша, «Натанз бен Фордо нысандары жер астында терең орналасқан, сондықтан зақым тек беткі деңгейде ғана тіркелген. Құрбандар туралы мәлімет жоқ».
Израильдің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Цахи Ханегби бұл операцияның мақсаты — Иранның ядролық бағдарламасын тоқтату екенін айтты. Бірақ ол Израиль шабуылдарының Иранның саяси басшылығын, соның ішінде Жоғарғы көшбасшы Сейед Әли Хаменеи мен оның әкімшілігін жоюға бағытталмағанын атап өтті. Дегенмен, Ynet басылымының хабарлауынша, алғашқы соққылар барысында Иран Қарулы күштерінің бірқатар жоғары шенді өкілдері, соның ішінде бас штаб бастығы, Ислам революциясы сақшылар корпусының қолбасшысы мен әскери-әуе күштері басшысы көз жұмған.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху видеоүндеуінде Иранның ядролық бағдарламасына қарсы операцияны әзірлеу жөніндегі бұйрықты 2024 жылдың қарашасында бергенін айтты. Бұл шешім «Хезболла» жетекшісі Хасан Насралланың өлтірілуінен кейін қабылданған. Нетаньяхудың айтуынша, Иран ядролық бомба жасау бағытында белсенді әрекет еткен және бұл Израиль тарапынан нақты белгі ретінде қабылданған.








