Израиль әскери ұшақтары жексенбі күні Йемен астанасы Санадағы үкіметтік және әскери нысандарға бірнеше әуе соққысын жасады, деп хабарлады +7.kz порталы Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.
“Аль-Масира” телеарнасының мәліметінше, жергілікті тұрғындар шабуылдар президент сарайы, астаналық хатшылық ғимараты, мемлекеттік мұнай компаниясының ғимараты, жанармай қоймалары және электр станциялары орналасқан қаланың орталық, оңтүстік және оңтүстік-батыс бөліктерінде болғанын хабарлаған.
Сонымен қатар, бірнеше нысанда жарылыс болып, өрт шыққаны, оқиға орындарына жедел жәрдем қызметі жеткені туралы айтылды. Медицина қызметкерлері құрбандар бар екенін хабарлады, алайда ресми деректер әлі жарияланған жоқ.
Израиль қорғаныс министрі Исраэль Кац шабуыл жасалғанын растағанымен, егжей-тегжейін ашпады. Израиль әскери радиосының хабарлауынша, әуе соққылары аяқталған және мақсат ретінде электр станциялары, президент сарайы мен жанармай қоймалары таңдалған.
Фото: x.com/@idfonline








