UEFA Чемпиондар лигасының Алматыда өтетін “Қайрат” — “Реал Мадрид” матчына билеттер сатылымы 23 қыркүйек басталады, деп хабарлайды +7.kz.
Билет сатылымы жергілікті уақыт бойынша сағат 17:00–де ашылады.
Ережеге сәйкес, бір адамға екі билеттен артық сатып алуға болмайды, билет алған кезде жеке куәлік немесе төлқұжат деректері көрсетілуі қажет. Деректер сатып алу кезінде де, стадионға кіргенде де мұқият тексеріледі.
Билеттерді Ticketon платформасында, FCKAIRAT.COM сайтында және Qairat Superapp қосымшасында сатып алуға болады.
Әрбір матчқа билеттің бағасы — 30 мыңнан 250 мың теңгеге дейін болады.
“Билеттердің бағасы УЕФА-мен келісілген және барлық ойынға бірыңғай болып белгіленген билеттің бағасы 30 000 теңгеден 250 000 теңгеге дейін болады. Баға саясаты турнир талаптарына және Чемпиондар лигасы матчтарын ұйымдастырудың халықаралық тәжірибесіне сәйкес келеді”, — деп хабарлады “Қайрат” ФК.
Сонымен қатар, абонемент иелеріне өз орындарын алдын ала және тиімді бағаға сатып алатын мүмкіндік беріледі. Оларға сатылым басталғанға дейін алдын ала хабарласып, толық ақпарат беріледі.
Билеттердің бір бөлігі дәстүрлі түрде бекітілген әлеуметтік және клуб квоталары аясында бөлінеді. Олар “Қайрат” Академиясының және клуб филиалдарының бапкерлері мен тәрбиеленушілеріне, паралимпиадалық спорт түрлерінің спортшыларына, сондай-ақ клубтың қызметкерлері мен ардагерлеріне беріледі.
Фото: “Кайрат” ФК








