Қарағанды қаласында техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тиісті қаулыға қала әкімі Мейрам Кожухов қол қойды.
“Қарағанды қаласының аумағында жергілікті деңгейдегі техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялансын”, – делінген құжатта.
ТЖ жою басшысы болып Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Рүстем Қожақапанов тағайындалды.
Қарағанды әкімдігінің мәліметінше, төтенше жағдай режимі №10 кәріз коллекторының Федоров су қоймасы маңынан өтетін учаскесін шұғыл ауыстыру жұмыстарын жүргізу мақсатында енгізілген. Бұл материалдарды жедел сатып алуға және ұзақ келісімдерсіз құрылыс жұмыстарын бастауға мүмкіндік береді.
“Коллектордың бір бөлігі саяжай алқаптарының астымен өтеді, сол жерде ақау анықталған. Жарылу мен су басудың алдын алу үшін саяжай аумақтарын айналып өтетін айналма желі салу туралы шешім қабылданды. Бұл жеке құрылыс учаскелеріне кедергі келтірмей жұмыстарды жүргізуге және су бұру жүйесінің сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді”, – делінген хабарламада.
“Қарағанды су” ЖШС мәліметінше, №145 және №169 құдықтарының арасындағы 3,2 шақырым құбырды ауыстыру жоспарланып отыр.
“Қалыпты жағдайда коллектор тұрақты жұмыс істейді, алайда жаңбыр мен тасқын кезінде апат қаупі артады. Қазіргі уақытта жүйе штаттық режимде жұмыс істеп тұр, ешқандай опырылу немесе су төгілу фактілері тіркелген жоқ”, – делінген ақпаратта.
Жөндеу жұмыстарын биылғы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Фото: instagram.com/nv.kz








