Қарағандыда ер адам жеке медициналық орталықтардың бірінде медбикеге шабуыл жасаған, деп хабарлайды +7.kz.
Зардап шеккен әйелдің анасының айтуынша, оқиға 16 шілде күні болған. Ер адам медбике отырған қызметтік кабинетке кірмек болған. Алайда бұл бөлмеге тек қызметкерлердің кіруіне рұқсат етілгендіктен, оның жолы бөгелген. Шабуылдаушы тыйымға қарамастан, есікті күшпен бұзып кірген.
«Ол қызымды ұра бастаған, 20 минут бойы тоқтамай соққы жасапты, екі саусағын сындырып жіберген. Қазір бас-сүйек-ми жарақатын алған. Қолын тістеп алыпты. Қызым жылап, айқайлап көмек сұрап “Мен жалғызбасты анамын, баламды өзім тәрбиелеп отырмын, ұрмаңызшы” деп жалынған. Бірақ ол керісінше, одан сайын қатты соққы жасаған. Қызымның шашы ұзын еді, ол шашын қолына орап алып, тарта берген. Шашының ортасы жұлынып қалған, басы түгел қан. Қазір ауруханада жатыр», – дейді жәбірленушінің анасы.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, медбике жедел нейрохирургия бөлімінде жатыр. Жағдайы – тұрақты, орташа ауыр деп бағалануда.
Облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын және күдіктінің жеке басы анықталғанын хабарлады. Қазір 42 жастағы күдікті психоневрологиялық орталықта дәрігерлердің бақылауында.
Зардап шеккен әйел жұмыс істейтін медициналық орталық оның емдеу және оңалту шығындарын өз мойнына алды. Сонымен қатар, әйелге психологиялық көмек те көрсетілетін болады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram








