Қазақстан жалпы ішкі өнім бойынша әлемдегі ең ірі экономикалар рейтингінде 36-орынға жайғасты. Бұл туралы Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) 2025 жылғы қазанда жарияланған деректерінде көрсетілген, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
ХВҚ мәліметінше, Қазақстан экономикасының көлемі сатып алу қабілетінің паритеті (СҚП) бойынша шамамен 973 миллиард долларды құрайды. Осы көрсеткішпен ел Сингапурдан (35-орын — 988 млрд доллар) кейін, ал Румыниядан (37-орын — 949 млрд доллар) жоғары тұр.
Сарапшылардың айтуынша, СҚП әдісі елдер арасындағы баға айырмашылығы мен өмір сүру құнын ескере отырып, экономикалардың нақты көлемін дәлірек салыстыруға мүмкіндік береді. Яғни, бұл тәсіл әртүрлі мемлекеттерде бірдей ақшаға қанша тауар мен қызмет сатып алуға болатынын анықтайды.
Әлемдік рейтингте көш басында Қытай тұр — оның экономикасы шамамен 43,5 триллион долларға бағаланған. Екінші орында АҚШ (31,8 трлн доллар), ал үшінші орында Үндістан (19 трлн доллардан астам).
Алғашқы ондыққа сондай-ақ Ресей, Жапония, Германия, Индонезия, Бразилия, Франция және Ұлыбритания кірген.
Жалпы алғанда, әлемдік экономиканың СҚП бойынша көлемі 219,2 триллион доллардан асады. Оның жартысына жуығы Азия елдерінің үлесіне тиесілі. Бұл аймақтың жаһандық экономикадағы рөлінің артып келе жатқанын көрсетеді.
Қазақстан өңірлік деңгейде де көшбасшылық позициясын сақтап отыр. Ел Орталық Азиядағы ең ірі экономика ретінде көршілес мемлекеттерден өндіріс көлемі мен экономикалық белсенділік тұрғысынан айтарлықтай озық.
Айта кетейік, бұған дейін 2026 жылға арналған номиналды ЖІӨ көлемі бойынша жарияланған рейтингте Қазақстан әлемдегі ең ірі 50 экономиканың қатарына енген болатын. Analitikалық платформа Visual Capitalist дерегіне сәйкес, ел 320 миллиард долларлық көрсеткішпен 50-орынға орналасқан.
Фото: depositphotos.com








