Қазақстан аумағында күн күрт салқындап, қатты жаңбыр жауады. Қазгидромет синоптиктері 28-30 тамызға арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды +7.kz.
Циклон Қазақстанға тұрақсыз ауа райын алып келеді. Кезеңнің басында антициклонның әсерінен Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Алайда 29 тамыздан бастап солтүстік-батыс циклонының өтуіне байланысты елдің солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде ауа райының тұрақсыз сипаты болжанады. 30 тамызда тұрақсыз ауа райы Қазақстанның оңтүстік-шығысын да қамтиды.
“Найзағай ойнап, жаңбыр күтіледі. 30 тамызда елдің солтүстігінде, шығысында және орталығында бұршақпен және дауылды желмен бірге қатты жаңбыр жауады деп болжануда. Республика бойынша желдің күшеюі болжанады, батыста, солтүстікте, солтүстік-батыста түнгі және таңғы сағаттарда тұман түседі”, – деді Қазгидромет синоптиктері.
Елдің батысында ауа температурасы +20, +31 градус, оңтүстік-батыста +27, +35 градус шамасында болады.
Сонымен қатар айтарлықтай салқындау күтілуде:
- солтүстік-батыста +23, +33 градустан +15, +23 градусқа дейін,
- солтүстікте +30, +35 градустан +15, +23 градусқа дейін,
- орталықта +30, +37 градустан +18, +27 градусқа дейін,
- шығыста +22, +32 градустан +17, +28 градусқа дейін,
- оңтүстікте +30, +41 градустан +26, +35 градусқа дейін төмендейді.
Оңтүстік-шығыста аптап ыстық сақталады: +33, +38 градус, таулы аймақтарда +23, +28 градус шамасында болады.
Фото: iStock








