Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтай өз миссияларын аяқтады. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың орнына жаңа орган – Қазақстанның Халық кеңесін құруды ұсынды.
“Реформалардың жаңа кезеңінде Қазақстанға қоғамдық дамудың барлық мәселелері бойынша жалпыұлттық диалогты тұрақты түрде жүргізуге арналған кең ауқымды алаң немесе мінбер қажет. Бұл платформа халқымыздың бірлігі мен ынтымағын нығайтуға үлес қосатын негізгі қоғамдық-саяси бірлестіктер мен құрылымдарды біріктіреді. Осыған байланысты Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың тарихи тұрғыдан маңызды миссияларын іс жүзінде сәтті аяқталды деп есептеуге болады”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа орган – Халық кеңесін құруды тапсырды. Жаңа құрылым Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың функцияларын біріктірмек. Бұл туралы Қызылордадағы Ұлттық құрылтайда айтылды.
Халық кеңесінің құрамына 126 адам кіреді, ал төрағаларын Президенттің өзі тағайындайды. Кеңеске заң шығару бастамасы құқығы беріледі. Ал жиыны жылына бір рет өтеді.
Сонымен қатар этносаралық және конфессияаралық келісім мәселелері Қазақстан халқы Ассамблеясынан Халық кеңесіне өтеді. Ал әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу де жаңа органның құзыретіне берілмек.
Халық кеңесін Конституцияға енгізу жоспарланып отыр. Оның жұмысына қатысты жаңа заңдар қабылданады.
Айта кетейік, бүгін Қызылордада президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы өтіп жатыр.
Фото: Ақорда








