Қазақстан Семей мен Өскемендегі жылу электр орталығын(ЖЭО) өзі салуы мүмкін, деп хабарлайды +7.kz.
Бұл туралы Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов мәлім етті. Семей және Өскемен қаласында салынатын жылу электр орталығы (ЖЭО) құрылысын қаржыландыру туралы шешім алдағы айда қабылданады.
“Семей мен Өскеменге келсек, мемлекетаралық келісім аясында келіссөз жүргізілгенімен, өкінішке қарай, бүгінгі күнге дейін Ресей тарапынан қаржыландыру расталған жоқ. Сондықтан жобаларды өз күшімізбен жүзеге асыру мәселесін белсенді қарастырып жатырмыз”, — дейді Сұңғат Есімханов.
Вице-министрдің айтуынша, түпкілікті шешім қыркүйекте қабылданады.
Айта кетейік, Көкшетауда ЖЭО-ны салу бойынша шешім қабылданды, ол жобаны “Самұрық-Энерго” жүзеге асыруға кірісті. Былтыр сәуірде Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының энергетика министрліктері арасында Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында ЖЭО салу жобалары бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Энергетика министрлігінің ақпараты бойынша Көкшетаудағы жылу орталығы 2029 жылы, Өскемендегі орталық 2031 жылы, ал Семейдегі орталық 2032 жылы толық пайдалануға беріледі.








