Қазақстан АҚШ Президенті Дональд Трамптың Газа секторындағы қақтығысты тоқтатуға арналған жан-жақты бітімгерлік жоспарын қолдайды, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы президенттің көмекшісі әрі баспасөз хатшысы Руслан Желдібай хабарлады.
“Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз бұл бастаманы Таяу Шығыстағы ахуалды реттеуге, мемлекеттер арасындағы сенімді нығайтып, аталған аймақта бейбітшілік орнатуға бірегей мүмкіндік әрі маңызды қадам ретінде қарастыратынын мәлімдеді”, – деп жазды Желдібай.
Трамптың Газa секторына қатысты жоспары қандай?
АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен өткен баспасөз мәслихатында Израиль мен ХАМАС арасындағы соғысты тоқтату үшін 20 тармақтан тұратын жоспар ұсынды.
Трамптың сөзінше, Нетаньяху оның бейбіт жоспарын қабылдады. Егер ХАМАС ұсынылған жоспарға келіспесе, онда Нетаньяху бұл топқа қарсы іс-қимылдарда Вашингтоннан толық қолдау алады.
Ақ үй жариялаған жоспарға сәйкес, Израиль бекіткеннен кейін 72 сағат ішінде ХАМАС ұстап отырған барлық израильдік тұтқындар босатылуы тиіс. Өз кезегінде Израиль жүздеген палестиналық тұтқынды босатып, әскерін біртіндеп Газa секторынан шығарады.
Жоспарда Газa секторы терроризмнен азат, демилитаризацияланған аймаққа айналатыны көрсетілген. ХАМАС бұл палестиналық аумақты басқарудағы кез келген рөлден бас тартады, ал қаруын тапсырған топ мүшелеріне амнистия жариялануы немесе шетелге шығуына рұқсат етілуі мүмкін.
Сонымен қатар, Трамптың жоспары Израиль тарапынан анклавты аннексиялау немесе оккупациялауды қарастырмайды.
Фото: АА








