2026 жылдың сәуір айы Қазақстан үшін бірқатар маңызды өзгерістермен басталады. Экономика, мемлекеттік қызмет, цифрландыру және күнделікті өмірге тікелей әсер ететін жаңашылдықтар күшіне енеді. Мобильді аударымдарды бақылау күшейіп, жанармай мен коммуналдық тарифтерге қойылған шектеулер алынып тасталады. Сонымен қатар, жүргізуші куәлігін онлайн жаңарту, мемлекеттік қызметке қабылдаудың жаңа жүйесі және азық-түлік бағасын реттеу тәртібі енгізіледі. +7.kz тілшісі 1 сәуірден бастап күшіне енетін негізгі өзгерістер туралы ақпаратты назарларыңызға ұсынады.
Мобильді аударымдар бақылауға алынады: кімдер тексеріледі?
2026 жылдың 15 сәуіріне дейін банктер салық органдарына азаматтардың мобильді аударымдары туралы алғашқы мәліметтерді жолдай бастайды. Алайда бұл бақылау барлық азаматқа бірдей әсер етпейді.
Салық органдары қатарынан 3 ай бойы ай сайын 100-ден астам әртүрлі адамнан жалпы сома 1 020 000 теңгеден асатын аударым қабылдаған тұлғаларды тексереді.
Осы талаптардың бірі сәкес келмесе, ешқандай шектеу қойылмайды. Мамандардың айтуынша, бұл шара көлеңкелі кәсіпкерлікті анықтауға бағытталған. Ал жеке мақсаттағы аударымдарды азаматтар кез келген уақытта дәлелдей алады.
Жанармай мен коммуналдық тарифтер бағасы өседі
1 сәуірден бастап АИ-92 бензині, дизель отыны және коммуналдық қызмет тарифтеріне қойылған мораторий аяқталады.
Бұл шектеулер 2025 жылдың күзінен бері жұмыс жасап келген. Енді екінші тоқсаннан бастап, жанармай бағасы, коммуналдық тарифтер нарықтық жағдайға байланысты өзгеруі мүмкін. Үкімет баға өсімі біртіндеп әрі бақылауда болады деп сендіріп отыр. Дегенмен сарапшылар тарифтердің өсу ықтималдығын жоққа шығармайды.
Мемлекеттік қызметке қабылдау толық цифрланды
Сәуірден бастап мемлекеттік қызметке орналасу тәртібі айтарлықтай жеңілдейді. Енді барлық конкурс толықтай онлайн форматта өтеді.
Жаңа жүйенің ерекшеліктері:
- іріктеу мерзімі 5–7 жұмыс күніне дейін қысқарады
- кезеңдер саны азаяды
- келесі кезеңге тек ең жоғары балл жинаған 5 үміткер өтеді
Басшылық лауазымдарға эссе, сұхбат міндетті болады. Ал орындаушы қызметтер үшін практикалық тапсырмалар, психометриялық тесттер (IQ, EQ, SQ) енгізіледі. Бұл тәсіл кандидаттардың тек білімін ғана емес, логикалық және эмоционалдық қабілетін де бағалауға мүмкіндік береді.
Жүргізуші куәлігін онлайн жаңарту
2026 жылдың сәуірінен бастап қазақстандықтар жүргізуші куәлігінің мерзімі өтіп кетсе де, оны онлайн түрде жаңарта алады.
Қызмет:
- eGov.kz порталы
- eGov Mobile қосымшасы арқылы қолжетімді
Маңызды талаптар:
- мерзімі өткен жағдайда міндетті түрде медициналық тексеріс қажет
- ал мерзімі бітпей жаңартсаңыз, анықтама талап етілмейді
Қызмет көрсету уақыты – шамамен 60 минут. Бұл жаңашылдық халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы кезекті азайтуға бағытталған.
Қару айналымына қойылатын талаптар күшейтілді
Сәуірден бастап қару иелеріне қатысты талаптар күшейеді.
Жаңа ережелер бойынша қару иелері міндетті түрде бақылау мақсатында оқ ату сынағынан өтеді, мерзімді бұзған жағдайда рұқсаттың күші жойылуы мүмкін.
Заңды тұлғалар үшін қызметі тоқтатылса, қару мен оқ-дәріні полицияға тапсыру міндеттеледі Ал жеке күзет ұйымдары үшін есеп беру талаптары қатаңдайды.
Азық-түлік бағасына жаңа шектеулер енгізілді
2026 жылдың 1 сәуірі мен 30 маусымы аралығында бірқатар азық-түлікке ең төменгі баға белгіленеді.
Негізгі көрсеткіштер:
- сүзбе – 1 822 теңгеден бастап
- жұмыртқа – 41 теңгеден
- картоп – 90 тг/кг
- қырыққабат – 72 тг/кг
- сәбіз – 106 тг/кг
- күнбағыс майы – 451 тг/литр
- макарон – 248 тг/кг
Бұл шара ішкі нарықты тұрақтандыру және демпингтің алдын алу мақсатында енгізіліп отыр.
Сыра өнімдерін таңбалаудың жаңа жүйе іске қосылады
25 сәуірден бастап сыра және сыра сусындарын таңбалаудың жаңа тәртібі енгізіледі.
Енді барлық өнім арнайы сәйкестендіру таңбасымен шығарылады және деректер цифрлық жүйеге енгізіледі.
Бұл жүйе өнімнің шығу тегін бақылауға, контрафактімен күресуге мүмкіндік береді. Ал бұрын өндірілген таңбаланбаған өнімдерді сатуға бір жыл уақыт беріледі.
2026 жылдың сәуірінен бастап енгізілетін өзгерістер қазақстандықтардың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді. Бір жағынан, цифрландыру мен мемлекеттік қызметтердің жеңілдеуі байқалса, екінші жағынан баға мен тарифтердің өзгеруі тұрғындардың шығынына әсер етуі мүмкін.
Фото: depositphotos.com








