Қазақстанда 2025 жылғы балаларға қойылған ең танымал есімдер жарияланды, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
2025 жылы қазақстандық ата-аналар балаға ат қоюда дәстүрлі таңдауларынан айныған жоқ. Ұлттық статистика бюросы ел бойынша ең көп қойылған бала есімдерінің тізімін жариялады.
Ұл балалар арасында Мұхаммад, Әлихан, Айсұлтан, Омар және Алдияр есімдері тағы да көш бастады. Бұл тізім өткен жылмен салыстырғанда өзгермеген. Өңірлер бойынша алғанда, ұлдарға ең жиі қойылған есімдер — Мұхаммад пен Алан.
Қыз балалар арасында 2025 жылы Айлин, Асылым, Медина, Айша және Томирис есімдері ең танымал болды. Айлин есімі ерекше сұранысқа ие болып, Қазақстанның 20 өңірінің 16-сында бірінші орынға шықты. Ұл балалардағыдай, қыз балалардың да ең көп қойылған есімдері 2024 жылмен салыстырғанда өзгеріссіз қалған.
Статистика этностар арасындағы есім қою үрдістерін де көрсетті. Орыс отбасыларында Ева мен Мирон, ал өзбек отбасыларында Мұхаммад пен Хадича есімдері жиі таңдалған.
Фото: pixabay.com








