Қазақстанда облыс, қала және астана әкімдіктеріне полицияның өкілеттілігі берілетін болды. Бүгін Сенат “Құқықбұзушылықтың алдын алу туралы” заңға сәйкес түзетулерді мақұлдады, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Құжатқа сәйкес, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандық және облысқа бағынысты қалалардың әкімдіктері енді қалалар мен елді мекендер аумағын абаттандыру ережелерін бұзу, инфрақұрылымды бүлдіру, жасыл желектерді жою және зақымдау сияқты әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша істерді қарауға құқылы.
Бұған дейін осындай құқықбұзушылықтар үшін тек ІІМ органдары мен аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері жауапты болатын.
Заң әзірлеушілері оның жаңа әкімшілік құқықбұзушылық түрлерін енгізуге, мемлекеттік органдар лауазымды тұлғаларының жауапкершілігін арттыруға және құқықтық кемшіліктерді жоюға ықпал ететінін күтуде.
3 желтоқсанда Мәжіліс депутаттары “Құқықбұзушылықтың алдын алу туралы” заңды қабылдаған.
Қазан айында ІІМ басшысы Ержан Саденов Қазақстандағы мүлік иелері бірлестіктерін (МИБ) құқықбұзушылықтың алдын алу жүйесіне тарту жоспарланып отырғанын хабарлаған. Олар тұрмыстық құқықбұзушылықтарды алдын алуға қатыса алады, мысалы, түнгі уақытта шу шығару, қоқысты рұқсат етілмеген жерге тастау, қоғамдық тәртіпті бұзу сияқты әрекеттерді болдырмау.
Фото: depositphotos.com








