Ішкі істер министрлігі елде алкоголь өнімдерін сату бойынша бірқатар тыйым енгізуді ұсынды, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Үкімет сағатында министр Ержан Сәденов мәлімдеді.
Сәденовтың айтуынша, алкоголь – елдегі қылмыстылық деңгейіне әсер ететін негізгі факторлардың бірі. Оның сөзіне қарағанда, жыл сайын мас күйінде 10 мыңға дейін қылмыс жасалады.
Алдын алу шаралары туралы айта келе, ІІМ өкілдері бұл әрекеттердің барлығы тек салдармен күрес екенін, ал негізгі себеп жойылмай отырғанын атап өтті.
“Пайда табу жолында адал емес кәсіпкерлер алкоголь өнімдерін сату кезінде жас шектеулерін де, уақыттық шектеулерді де бұзады. Күні-түні кафе мен бардың атын жамылып сатады. Онлайн жеткізу кеңінен қолданылады. Бұл ретте лицензиядан айыру шарасы тиімсіз, өйткені лицензияны ертесі күні басқа тұлғаға рәсімдеуге болады”, – деді Сәденов.
Министрлік алкоголь өнімдерін интернет арқылы сатуға толық тыйым салуды ұсынды. Сонымен қатар:
- алкогольді тек арнайы дүкендерде (алкомаркеттерде) сатуға;
- лицензия беру ережелерін қатаңдатуға және олардың санын шектеуге шақырды.
ІІМ басшысы ойын-сауық орындарына қатысты шектеулер жайлы да айтты.
“Ойын-сауық орындарында алкоголь сату уақытын шектеу қажеттілігі туындады. Мұндай орындарда мас күйінде 1 400-ден астам қылмыс, соның ішінде үш кісі өлтіру фактісі тіркелген”, – деді ол.
Алайда Сәденовтың айтуынша, қазіргі таңда кейбір мемлекеттік органдар бұл тәсілдерді қолдамай отыр.
Фото: depositphotos.com








