Қазақстанда көлікке “әдемі” мемлекеттік тіркеуі нөмірін алу тәртібі өзгереді, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
“Әдемі” мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін алуға 11 мыңға жуық адам өтінім берген. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин мәлімдеді.
Үкімет отырысынан кейінгі брфинг барысында ол жаңа қызмет түрі іске қосылған алғашқы күндері мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін беру қызметіне сұраныс өте жоғары болғанын атап өтті.
“Таяуда Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі сұраныс жоғары нөмірлік белгілерді сатып алуға өтім берудің жаңа тетігін іске қосты. Жаңашылдықтың нәтижесінде еліміздің бірқатар өңірінде азаматтардың халыққа қызмет көрсету орталықтарына жиналуы байқалды”, – деді ол.
Бірінші вице-министрдің айтуынша, адамдардың ХҚКО-ларға жаппай келуі уақытша әрі жаңа қызметтің іске қосылуына орай қызығушылықтың артуына байланысты болды.
“Тағы бір-екі күн ажиотаж жалғасуы мүмкін. Алайда біз осы аптада-ақ eGov мобильді қосымшасы арқылы әдемі нөмірлерді онлайн форматта таңдауға мүмкіндік беруді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, “Азаматтарға арналған үкімет” те цифрлық сервисті іске қосуда”, – деді бірінші вице-министр.
5 қаңтар күні Қазақстандағы арнайы ХҚКО-ларда автокөліктің мемлекеттік тіркеу нөмірін таңдау бойынша жаңа қызметтің енгізілуіне байланысты сұраныс күрт артқан еді.
Айта кетейік, енді қазақстандықтар сандық және әріптік белгілері бар мемлекеттік нөмірді өздері таңдай алады. Тиісті түзетулер 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген.
Фото: ШҚО Азаматтарға арналған үкімет








