Қазақстанда шоколад пен кондитерлік өнімдер қымбаттады, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Energyprom деректеріне сүйенсек, елде бір жыл ішінде кондитерлік өнімдердің бағасы 19%-ға өскен. Бұл 2023 және 2024 жылдармен салыстырғанда бір жарым есе жоғары өсім. Бағалар қатарынан он ай бойы айтарлықтай өсіп келеді.
Ең жоғары баға өсімі Солтүстік Қазақстан облысында тіркелген (+27,5%). Одан кейін Астана қаласы мен Жетісу облысы тұр. Сондай-ақ Шымкент қаласында, Павлодар және Алматы облыстарында кондитерлік өнімдер бағасы шамамен төрттен біріне жуық өскен.
Бағаның ең төмен өсімі Түркістан облысында байқалғанымен, онда да қымбаттау деңгейі 10,9%-ды құрады.
“Кондитерлік өнімдер арасында ең қатты қымбатаған шоколад. Бағасы бір жылда бірден 37%-ға өскен. Сонымен қатар зефир мен пастила бағасы 19,6%-ға, шоколадпен қапталған кәмпиттер 17,1%-ға қымбаттаған. Шоколадпен қапталмаған кәмпиттер 10,3%-ға, халва 9,6%-ға, карамель 7,8%-ға, мармелад 5,6%-ға өскен”, – деп атап өтті Energyprom .
Сонымен қатар Қазақстанда тәттілер тек қымбаттап қана қоймай, азайып та барады. Әсіресе отандық өнімдер. 2025 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында елдегі кондитерлік өнім өндірісі 3,1%-ға қысқарған (ал 2024 жылы бұл көрсеткіш бірден 14%-ға төмендеген).
Фото: depositphotos.com








