Қазақстанда қара шайдың бірқатар маркаларын елге әкелуге және сатуға тыйым салынды, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігінің санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мәлімдеді.
Тиісті қаулыға 5 қаңтар күні бас мемлекеттік санитариялық дәрігер қол қойған. Шешім бақылау сатып алулары мен санитариялық-эпидемиологиялық сараптама қорытындыларының нәтижесінде қабылданған. Тексеру барысында қолданыстағы нормалармен тыйым салынған тағамдық бояғыштар қосылған қара шайдың өндіріліп, сатылғаны анықталған.
Өнім құрамынан сары “Күн батуы” (E110), тартразин (E102) және понсо 4R (E124) бояғыштары табылған. Бұл заттарды Кеден одағының техникалық регламенттеріне сәйкес шай құрамында қолдануға болмайды.
Сондай-ақ шай қаптамаларында өндіріс пен қаптау орындарының жалған мекенжайлары көрсетілген. Бұл кәсіпкерлік қызметті жүргізуге рұқсат беретін құжаттардың жоқ екенін білдіреді. Аталған деректер санитариялық-эпидемиологиялық тексерістер кезінде анықталған.
Тыйым салынған шай маркалары
Анықталған заңбұзушылықтарға байланысты келесі қара шай түрлерін Қазақстан аумағына әкелуге және сатуға тыйым салынды:
-
«Апамның шәйі Premium Gold», Al-Hayat Golg, «БАЛҚИЯ Premium Gold» — өндіруші: Orda Trade Astana ЖШС (Алматы облысы);
-
Sultan Suleyman, Pakistan tea — өндіруші: Real Trade Astana ЖШС (Астана);
-
«БАЛҚИЯ Premium Gold» — өндіруші: «Аль-Хадия» ЖК (Алматы);
-
Aje Onim — өндіруші: «Орда Чай» ЖК (Алматы), «Кальций» ЖШС тапсырысы бойынша;
-
Al-Hayat Golg — өндіруші: Empire KENIY E.P.Z. Limited (Алматы облысы);
-
Al-Jannat Premium — өндіруші: Ferdaus ЖК (Алматы);
-
Alfarah — өндіруші қаптамада көрсетілмеген.
Санитариялық қызмет өкілдері қазақстандықтарды өнімнің таңбалануына және шығу тегіне мұқият болуға шақырды. Ал кәсіпкерлерге халықтың санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігі саласындағы заң талаптарын қатаң сақтаудың маңызын ескертті.
Фото: depositphotos.com








