Қазақстанда үндістандық “Маклеодс Фармасьютикалз Лимитед” компаниясы шығарған “Десилмакс” дәрісін қолдануға тыйым салынды, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті хабарлады.
“Тыйым препараттың BSE92301A сериясына қатысты. Аталған партияның жарамдылық мерзімі 2026 жылдың шілдесіне дейін деп көрсетілген. Алайда бұлсерияны медициналық мақсатта қолдануға болмайды және ол дәріханалар мен медициналық ұйымдардан кері қайтарылуы тиіс”, – делінген ақпаратта.
Мұндай шешім дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау орталығының хаты және өткен жылғы 3 ақпандағы сынақ қорытындысы негізінде қабылданған.
Қазір Комитеттің өңірлік бөлімшелеріне және “СК-Фармация” ұйымына аталған дәріні айналымнан алып тастау тапсырылды. Бұйрықтың орындалуын фармацевтикалық қызметті бақылау басқармасы қадағалайды.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда тегін таратылуы тиіс немесе жарамдылық мерзімі өтіп кеткен дәрілердің сатылғаны туралы деректер де жарияланған болатын.
Фото: pixabay.com








