Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның вице-президенті лауазымын қайта енгізуді ұсынды, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда қаласында өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың V отырысында айтты.
Тоқаев вице-президентті парламенттің қарапайым басым дауысының келісімімен президент тағайындайтынын мәлімдеді.
“Оның өкілеттік аясын Мемлекет басшысының өзі айқындайды. Вице-президент Президенттің тапсырмасымен халықаралық форумдар мен шет мемлекеттердің делегацияларымен келіссөздерде Қазақстан Республикасының мүддесін, Парламентте Президенттің мүдделерін білдіретіні, отандық және шетелдік қоғамдық-саяси, ғылыми, мәдени-ағартушылық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайтыны, Президенттің өзге де тапсырмаларын орындайтыны көзделеді. Вице-президенттің қызметтік функционалына қатысты осы негізгі ережелерді Конституция мәтінінде де көрсеткен жөн”, — деді Президент.
Фото: Ақорда








