Қазақстанда енді тұрғылықты жері бойынша тіркеуі жоқ азаматтар зейнетақы мен жәрдемақы ала алмауы мүмкін. Еңбек министрлігі дәл осындай норманы әлеуметтік кодекске енгізуді ұсынып отыр, деп хабарлайды +7.kz.
Министрліктің мәліметінше, Қазақстанда 4,3 миллионнан астам адам зейнетақы мен жәрдемақы алады. Алайда олардың 100 мыңнан астамының тұрақты тіркеуі жоқ, ал 28 мыңының тек уақытша тіркеуі бар. Бұл адамдардың төлемдері уақытша тоқтатылуы мүмкін. Оларға тұрғылықты жері бойынша тіркеуге тұрғанға дейін ақша аударылмайды.
Шектеулер толық мемлекеттік қамтамасыз етудегі азаматтарға да қатысты болады. Олар:
-
интернаттар мен стационарлардағы қарттар мен мүгедектер
-
жазасын өтеп жатқан сотталғандар.
Қазіргі уақытта олардың зейнетақысы мен жәрдемақылары арнайы шоттарға аударылады, бірақ соманың бір бөлігі (30 немесе 70 пайызы) өздерінде қалады. Жаңа ереже бойынша тек 30 пайызын жеке шығындарға қалдырып, қалғанын бюджетке бағыттау енгізілмек. Өйткені тамақ, баспана және күтім мемлекет есебінен төленеді.
Еңбек министрлігінде түсіндіргендей мемлекет өз шығынын өзі өтейтін азаматтарды қолдауы тиіс. Ал егер адам толықтай бюджет есебінен қамтамасыз етілсе, қосымша толық зейнетақы немесе жәрдемақы беру “қосарлы қаржыландыру” болып есептеледі.
Осылайша:
-
тұрғылықты жері бойынша тіркелмеген болса, төлемдер оны қалпына келтіргенге дейін тоқтатылады;
-
егер адам интернатта немесе колонияда болса, ақша тек жеке қажеттіліктеріне жартылай аударылады;
-
үйіне оралғанда төлемдер қайта жалғасады деп уәде етіледі.
Құжат “Ашық НҚА” порталында көпшілік талқылауына шығарылды. Ол 24 қыркүйекке дейін жалғасады. Жаңа ережелердің желтоқсанда күшіне енеді деп күтілуде.
Фото: depositphotos.com








