Қазақстанда 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) өсуіне байланысты бірқатар құжаттарды рәсімдеу құны қымбаттайды, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
“2025 жылғы 8 желтоқсанда қабылданған “2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” заңға сәйкес, 2026 жылы АЕК мөлшері 4 325 теңге болып белгіленді. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 3 932 теңге болған. Осыған байланысты мемлекеттік баж мөлшері де өседі”, — делінген құжатта.
- 36 беттен тұратын қарапайым төлқұжатты рәсімдеу құны 8 АЕК (34 600 теңге), ал 2025 жылы бұл қызмет 31 456 теңге болған.
- 48 беттен тұратын төлөқұжат үшін 12 АЕК (51 900 теңге) төлеу қажет, ал 2025 жылы оның құны 47 184 теңге болды.
- Балалар төлқұжат 4 АЕК-ке (17 300 теңге) тең. 2025 жылы бұл көрсеткіш 15 728 теңге болған.
Сонымен қатар жеке куәлікті алғаш рет алу және мерзімі аяқталуына байланысты ауыстыру тегін болып қала береді. Алайда жеке куәлік жоғалған жағдайда оны қалпына келтіру үшін 0,2 АЕК (865 теңге) төлеу қажет. Егер жеке куәлік екінші рет жоғалса, мемлекеттік баж мөлшері 1 АЕК — 4 325 теңге. Ал жүргізуші куәлігін рәсімдеу құны 1,25 АЕК болады, яғни 5 406 теңге.
Сондай-ақ некені тіркеу де қымбаттайды. Неке туралы куәлік үшін 1 АЕК — 4 325 теңге төлеу қажет. Ал некені бұзу үшін алынатын мемлекеттік баж 2 АЕК, яғни 8 650 теңге, ал 2025 жылы бұл сома 7 864 теңге болған. Туу туралы куәлік бұрынғыдай тегін беріледі. Дегенмен, ол жоғалған жағдайда құжатты қайта алу үшін 0,5 АЕК — 2 163 теңге төлеу талап етіледі.
2026 жылдан бастап Қазақстанда айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 4 325 теңге болады. Бұл бірнеше төлемнің мөлшеріне әсер етеді.
Айлық есептік көрсеткіш (АЕК) — әртүрлі төлемдерді есептеу үшін қолданылатын негізгі көрсеткіш. Мемлекет әлеуметтік төлемдердің мөлшерін, айыппұлдарды, мемлекеттік баждарды және басқа да міндетті төлемдерді осы көрсеткішке сүйене отырып анықтайды. АЕК мөлшері жыл сайын бекітіледі.
Фото: depositphotos.com








