Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин жануарларға қатыгездік көрсеткендерге қарастырылған әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейтілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Оның сөзінше, ҚР Қылмыстық кодексінің 316-бабында жануарлар құқығы қамтылған.
“Қолданыстағы заңнамаға сай, аң-құстарға залал келтіргендерге ең үлкен жаза – 30 күнге дейін бас бостандығынан айыру. Біз қазір бұл норманы күшейтіп жатырмыз. Үкіметке жолдадық. Енді жануарларға зиян келтіргендер алты айға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін”, – деді Жаңбыршин.
Сонымен қатар, Жаңбыршин жануарларды өлтіргендерге қатысты жаза қатаңдатылатынын жеткізді. Олар бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
“ҚР Қылмыстық кодексінің қазіргі қолданыстағы 316-бабына сәйкес, жануарларды өлтіргендер екі жылға дейін бас бостандығынан айрылады. Біз бұл жазаны күшейтіп, бес жылға дейін ұзартып жатырмыз. Сондай-ақ айыпталушының мүлкі тәркіленуі де ықтимал. Ол жағдайға байланысты”, – деді Е. Жаңбыршин.
Сонымен бірге, әкімшілік жазаны да қатаңдатып, айыппұлды көтеру қарастырылып жатыр.
Фото: depositphotos.com








