Қазақстанда жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылады, деп хабарлайды +7.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізу қажеттігін тапсырды.
“Қазіргі құзырлы министрліктің негізінде жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру қажет деп санаймын. Жаңа министрлікті премьер-министрдің орынбасары деңгейіндегі маман басқаруы қажет. Үкімет экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізу қажет”, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында.
Тоқаев бұрын-соңды болмаған мүлде жаңа сын-қатерлер күллі адамзаттың қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп жатқанын, мұндай уақытта жасанды интеллектіні дамыту қажеттігін айтты.
“Қазір жасанды интеллектіні пайдаланып, аса қауіпті қару жасайтындар пайда болды. Қысқаша айтсақ, әлемде жаңа геосаяси тәртіп орныға бастады. Қазақстан әлем қауымдастығының ажырамас бөлігі. Мемлекетіміз Еуразия құрылғының дәл ортасында орналасқан. Қазіргі заман бұлыңғыр, тұрақсыз болса да біз бәріміз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қадам бастық. Менің негізгі мақсатым осындай түрлі қатерге толы кезеңде еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету”, — деді президент.
Фото: Оқу-ағарту министрлігі








