Қазақстандық әйел өзінің 30 жыл бұрын зорланғанын айтып, бейнеүндеу жариялады. Бұл іс бойынша қылмыстық іс қозғалған, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Қазір шетелде тұратын қазақстандық әйел 30 жыл бұрын болған ауыр қылмыс туралы айтып, әлеуметтік желіде бейнеүндеу жариялады. “Немолчи” қорының мәлімдеуінше, жасөспірім кезінде Батыс Қазақстан облысындағы ауылдардың бірінде бірнеше ер адам тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшыраған.
Әйелдің айтуынша, ол кезде небәрі 17–18 жаста болған. Әкесі өмірден өткен, ал ағалары жан-жаққа кеткен уақытта жалғыз анасымен тұрған. Осы жағдайды пайдаланған күдіктілер оны қараусыз қалған үйге апарып, бірнешеуі кезекпен зорлап, күш көрсеткен. Жәбірленуші оқиғаның аса қатыгез болғанын айтады. Оның сөзінше, өзін қорқытқан күдіктілердің бірі тіпті Жайық өзеніне батырып жіберемін деп сес көрсеткен. Қатты соққыға жығылған ол ес-түссіз күйде өзен жағасында қалған. Таң ата әлсіз күйде, киімсіз оянғанын еске алады.
Арада жылдар өткен соң әйел Қазақстаннан кетіп, қазіргі таңда Вьетнамда тұрып жатыр. Ол өмірін қайта құрып, ұлын өсіргенімен, болған оқиғаның психологиялық салдары әлі күнге дейін әсер ететінін айтады. Оның сөзінше, бұл жағдай жеке өміріне де кері ықпал еткен.
“Қазір менде бәрі жақсы секілді. Өмір сүріп, еңбек етіп жатырмын, ұлым беделді университетте оқиды. Оны өзім үшін тудым. Бірақ мен сол қайғылы жағдайды ұмытқан жоқпын. Психологтар көмектесе алмады, жеке өмірімді құра алмадым, өйткені содан кейін еркектерді жек көремін”, — деп қосты әйел.
Енді ол әділдік іздеп, Қазақстанға оралып, кінәлілерді заң алдында жауапқа тартуға ниетті екенін мәлімдеді.
Осы жағдайға байланысты Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын растады.
“Барлық дәйектер сотқа дейінгі тергеу арасында зерттелетін болады. Басқа ақпарат ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды”, — деп хабарлады ведомстводан.
Фото: Видеодан скрин
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Публикация от Фонд #НеМолчиKZ | #МыНеМолчим (@nemolchikz_official)








