Қазақстанда қатерлі ісікке қарсы отандық DVC препаратының пациенттерге арналған клиникалық сынақтары басталды, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысында мәлімдеді. Препарат Астанадағы Ұлттық зертхана базасында дайындалып жатыр.
“Өткен жылы адамдарға жүргізілетін клиникалық сынақтардың алғашқы кезеңдері өтті. Клиникалық база ауыстырылды, енді бұл сынақтарды Астанадағы онкологиялық орталық базасында аяқтап жатырмыз. Сондай-ақ өңірлік онкологиялық орталықтар, оның ішінде Қарағанды да қосылды”, — деді министр.
Министр препараттың нарыққа шығуының кешеуілдеуін заң талаптарының қатаңдығымен түсіндірді. Оның сөзінше, дәрінің сынақтары биыл аяқталып, кейін тіркеуге ұсынылады.
“Біз ұлттық заңнаманың талаптарын орындап жатырмыз, бірақ енді тіркеу үшін халықаралық регламенттерді де сақтау қажет. Ол жерде стандарттар өте қатаң, сондықтан адамдарға қосымша клиникалық сынақтар жүргізу керек болды. Алдымен препаратты ұлттық деңгейде тіркеуді жоспарлап отырмыз. Сол кезде ол ресми дәрі ретінде танылып, клиникаларда қолдануға мүмкіндік туады”, — деді Саясат Нұрбек.
Ол сондай-ақ келесі кезеңде препаратты халықаралық деңгейде тіркеу жоспарланып отырғанын айтты, бұл үшін қосымша рәсімдер қажет болады.
2025 жылдың қарашасында Қазақстанда отандық қатерлі ісікке қарсы препарат клиникалық сынақтардың шешуші кезеңіне өтті. Жобаны әзірлеуші Дос Сарбасов клиникаға дейінгі зерттеулердің сәтті аяқталғанын мәлімдеді.
Жаңа кезеңде препарат химиотерапияға дейін қолданылып, оның ісікке әсері мен қауіпсіздігі бағаланды. Сынақтар Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық базасында өтті, нәтижелер оң деп бағалануда.
Алғаш рет бұл препарат туралы 2024 жылы хабарланған, кейін Саясат Нұрбек сынақтардың барысы жайлы мәлімет берген.
Фото: depositphotos.com








