Алматы және жеті қалада жаңа стадион салынады, деп хабарлайды +7.kz.
Бұл туралы туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді.
“Алматыда жаңа стадион құрылысы жоспарланған. Сондай-ақ жеті қалада жеті стадион салуға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Биыл күзде Қызылордада УЕФА стандартының үшінші санатына сай келетін стадион пайдалануға беріледі”, – деді Ербол Мырзабосынов.
Оның айтуынша, аталған бастама Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында қолға алынды.
“Жобалау жұмысы аяқталғаннан кейін құны белгілі болады. Жалпы Мемлекет басшысы шетелдегі жекеменшік клубтардың тәжірибесіне сүйене отырып, мемлекеттік қаржы есебінен қаржыландырмау жөнінде міндет қойды”, – дейді ведомство басшысы.
Фото: “Қайрат” ФК








