Мюнхен — Пекин бағыты бойынша ұшып келе жатқан Lufthansa әуе компаниясының рейсінің жолаушысы ұшу кезінде қайтыс болды. Ұшақ Алматы әуежайына шұғыл қонуға мәжбүр болды, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстан Авиация әкімшілігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, оқиға 26 желтоқсанда LH 0722 рейсінде болды. Ұшу кезінде бір жолаушының жағдайы нашарлап, ол есінен танып қалды.
“Ұшақ экипажы халықаралық Алматы әуежайына шұғыл қонуға шешім қабылдады. Ұшаққа дереу әуежайдың медициналық қызметі мен қалалық жедел жәрдем бригадасы жіберілді”, — деп хабарлады ведомство.
Медициналық қызметкерлер келген кезде жолаушының ұшу кезінде қайтыс болғаны анықталды. Барлық қажетті рәсімдер аяқталған соң ұшақ Алматыда қайта жанармайланып, рейсті жалғастырды. Жергілікті уақыт бойынша 07:56-да ұшақ Пекин әуежайына бағыт алды.
Дереккөздеріміздің хабарлауынша, қайтыс болған жолаушы 30 жастағы ер адам. Ұшу кезінде оған, болжам бойынша, жүрек жұмысы нашарлаған.
Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі қазір тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
“Алматы әуежайындағы желілік полиция бөлімшесі осы факті бойынша қылмыстық іс қозғады. Өлімнің алдын ала себебі – жүрек жетіспеушілігі. Қайтыс болған адам шетел азаматы болып табылады. Қазір тергеу жүргізілуде. Басқа ақпарат ҚР ҚПК-ның 201-бабына сәйкес жарияланбайды”, — деп хабарлады ведомство.
Фото: newsroom.lufthansagroup.com








