Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов “Лукойл” компаниясының Қазақстандағы активтерін сатуға қатысты пікір айтты, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жаркешов қазір бұл мәселені еліміздің Сыртқы істер министрлігі талқылап жатқанын айтты.
“Қазір активтерді сату немесе сатып алу туралы айтуға ерте, өйткені жаңалық таяуда ғана жарияланды. Энергетика министрлігі мен Сыртқы істер министрлігі тығыз байланыста жұмыс істеп жатыр. Менің ойымша, жақында тиісті мәлімет беріледі”, – деді вице-министр.
Сонымен қатар, Санжар Жәркешов “Лукойлдың” Қазақстандағы жобалары туралы да пікір білдірді.
“Шын мәнінде “Лукойл” – “ҚазМұнайГаздың” серіктесі. Олардың “Қалам-Хазар” жобасы сияқты өз міндеттері бар. Бірақ үлесті сатып алу немесе акционерлер құрамын қайта реттеу мәселесіменэнергетика министрлігі айналыспайды. Өйткені “ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясының шаруашылық мәселесі болып есептеледі. Сұрағыңызды соларға бағыттай аласыз”, – деді вице-министр.
Айта кету керек, 22 қазанда АҚШ санкциясына түскен “Лукойл” компаниясы өзге елдердегі үлесін жаппай сататыны хабарланды.
“Лукойл” – Ресейдің ірі мұнай-газ компанияларының бірі және әлемдік энергетикалық нарықтағы жетекші ойыншылардың қатарында. Компания 1995 жылдан бастап Қазақстанда белсенді түрде жұмыс істей бастады. Қазіргі таңда “Лукойл” еліміздің батыс өңірлеріндегі бірқатар мұнай-газ жобаларына қатысып келеді.
Компанияның қатысуымен жүзеге асырылып жатқан ірі жобаларға “Құмкөл”, “Қарашығанақ”, “Теңіз” және Каспий теңізіндегі “Жеңіс” кен орындары кіреді. Сонымен қатар “Лукойл” Каспий Құбыр Консорциумының (КҚК) маңызды серіктестерінің бірі болып табылады.
Фото: depositphotos.com








