20–21 наурыз күндері Жерде G2 деңгейіндегі магниттік дауыл күтіледі, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Мамандардың мәліметінше, геомагниттік белсенділіктің шарықтау шегі 20 наурызда таңғы 06:00-ден 12:00-ге дейін, ал 21 наурызда 08:00-ден 13:00-ге дейін болады. Бақылау деректеріне сәйкес, Алматыда магниттік дауылдың ықтималдығы 85 пайызға дейін жетіп отыр.
Ғалымдардың айтуынша, мұндай геомагниттік құбылыстар тек техникаға ғана емес, адам денсаулығына да әсер етуі мүмкін. Зерттеулер магниттік дауылдар инфаркт, инсульт және жедел коронарлық синдром қаупін арттыратынын көрсетеді. Бұл құбылыс ағзадағы биоритмдердің бұзылуына, жүрек ырғағының өзгеруіне, қан қысымының тұрақсыздануына және ұсақ қан тамырларындағы қан айналымының нашарлауына байланысты түсіндіріледі. Сонымен қатар, күн белсенділігі жоғары кезеңдерде адамдар жиі бас ауруы, әлсіздік және жалпы енжарлыққа шағымданады.
Дәрігерлердің айтуынша, магниттік дауылдардың адам ағзасына әсер ету механизмі толық зерттелмегенімен, мұндай күндері шағымдардың көбейетіні клиникалық тәжірибеде жиі байқалады. Әсіресе жүрек-қан тамырлары аурулары бар науқастар, қарт адамдар, жүкті әйелдер және мазасыздық деңгейі жоғары жандар қауіп тобына жатады.
Мамандар мұндай кезеңде денсаулыққа мұқият қарап, физикалық және эмоционалдық жүктемені азайтуды, қан қысымы мен пульсті бақылауды, күйзелістен аулақ болуды және көбірек демалуды ұсынады. Сондай-ақ дәрігер тағайындаған дәрілерді уақытылы қабылдау маңызды. Жалпы алғанда, магниттік дауыл көпшілік үшін аса қауіпті емес, дегенмен қауіп тобына кіретін адамдар сақтық шараларын күшейткені жөн.








