Әлеуметтік желілерде Маңғыстау облыстық полиция департаментінің бастығы мен оның орынбасарлары ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деген ақпарат тарады. Ақпараттан кейін ішкі істер министрлігі Ақтауға арнайы комиссия жіберді, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Маңғыстау облыстық полиция департаменті тексеріс келгенін растады.
“Маңғыстау облыстық полиция департаментінің бастығы Сағындық Аяғанов өзінің бастамасымен Ішкі істер министрлігіне және тиісті органдарға интернетте таралған анонимді хаттағы мәліметтерге тексеріс жүргізу туралы өтініш жолдады. Ведомство басшысы тексеріс ашық әрі объективті өтуі үшін осы жұмысқа мәслихат пен қоғам өкілдерін де тартуды ұсынды”, – деп хабарлады Маңғыстау облысы ПД.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде Маңғыстау облысының бас полицейі мен оның орынбасарларын ұйымдасқан қылмыстық топ құруға қатысы бар деп айыптаған ұжымдық өтініш тараған еді. Алайда полиция бұл ақпараттың жалған екенін мәлімдеген.
Фото: depositphotos.com








