Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында “Kazakh Tourism” ұлттық компаниясы” акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Талғат Ғазизовке лауазымына лайық екенін дәлелдеу үшін нәтиже көрсету керектігін ескертті, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
“Талғат Жанатұлы, сіз осы қызметке жаңадан келіп отырсыз. Бірақ соған қарамастан өзіңізден нақты нәтиже күтеміз. Нәтиже болса, әрі қарай жұмыс істей бересіз. Нәтиже болмаса, қоштасамыз, Келістік пе?”, – деді Олжас Бектенов.
Айта кетейік, бүгін Үкімет отырысында Министрлер кабинетінің мүшелері туризмді дамыту мәселелерін қарап жатыр.
Талғат Ғазизиовтың сөзінше, шетелде Қазақстанның имиджін ілгерілету бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілген. Атап айтқанда, Euronews Travel, Amazon Prime Video, Бірінші арна және Францияның M6 телеарнасында елдің туристік тартымдылығын паш ететін бейнероликтер орналастырылған. Ал былтыр 12 елден келген 115 журналист, блогер және туроператордың қатысуымен 16 инфотур ұйымдастырылды.
Талғат Ғазизов бұл қызметке осыдан он күн бұрын тағайындалды. Ол 2023 жылдан бастап «Қазпошта» АҚ басқарушы директоры-басқарма мүшесі лауазымын атқарған. Ол University of Miami-де PR мамандығы бойынша білім алған.








