Фото: nu.edu.kz
Назарбаев Университетінің студенті жатақханадан өлі күйінде табылды, деп хабарлайды +7.kz.
Ақпаратты университеттің баспасөз қызметі де, Ішкі істер министрлігі де растады.
Университеттің баспасөз қызметі марқұм студенттің отбасы мен жақындарына көңіл айтты.
“NU жатақханаларының бірінде орын алған қайғылы оқиға туралы терең күйзеліспен хабарлаймыз. Біз орны толмас қазаға ортақтасып, марқұмның туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамыз. Қазіргі уақытта жағдай бақылауға алынды. Тиісті жедел шаралар жүргізілуде, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен психологтар жұмыс істеп жатыр. Университет тарапынан материалдық және моральдық қолдау көрсетілуде”, – делінген ресми хабарламада.
Сондай-ақ, университет өкілдері расталмаған әрі жалған ақпарат таратпауға, марқұмның отбасына құрметпен қарауға шақырды.
Бүгін мәжіліс отырысынан кейін ішкі істер министрі Ержан Сәденов аталған жағдайға қатысты пікір білдірді.
“Оның қашан болғанын білудің сізге не қажеті бар? Мен, әрине, хабардармын. Бұл іс бойынша тексеру жүріп жатыр, барлық мән-жай анықталуда”, – деді министр.
Министрдің айтуынша, студенттің қайтыс болуына байланысты қылмыстық іс қозғалған.








