Шымкентте адам қолынан қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың ағасы желіде тараған видеоларға қатысты айтып берді, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Сұлтан Серікбай алып қашу кезінде Нұрайдың мүлдем басқа киіммен болғанын және ол жерге басқа көлікпен барғанын алға тартты.
“Пабликтерге шығып жатқан видеоларға қатысты пікірімді білдіріп кетсем. Бірінші видео алып қашқан кездегісі. Алып қашқан кезде қара, мүлдем басқа маркалы көлікпен, Нұрай үй киімімен шыққан еді. Видеода ақ түсті көлік, басқа маркалы және киімі де басқа. Нұрай бұл жерде жалғыз болған. Жанындағы 50 адам басқа сырттың адамдары. Күліп тұрған Нұрай емес, оның алдында отырған басқа кісі. Ең соңында Нұрай қарсыласқан сияқты болып, орамалын шешпек болған. Втдеода Нұрайдың қаламағаны көрініп тұр. Бұл жерде 50 адамның қысымы және Нұрайдың үлкендерге деген сыйластығы, жуастығы және шаршаңқы күйі әсер етті деп ойлаймын”, – дейді Сұлтан Серікбай.
Сонымен қатар ол Нұрайдың қысым көргенін алға тартты.
“Ал тергеуші бөлімінде түсірілген видеода Нұрайдың шаршаңқы, моральдық және физикалық тұрғыда тұрақты емес екенін байқауға болады. Барынша қысым көрсетіп, манипуляциямен сол видеоны түсірген. Нұрайдан басқа бөлмеде бірнеше ер кісі болған. Бізді де кіргізбеген. Барынша басынған”, – дейді ол.
Еске салсақ, 21 жастағы Нұрайдың өлімінен кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент полициясын тексеруді тапсырған еді.








