Оңтүстік Корея Ормуз бұғазындағы жағдайдың күрделенуіне байланысты мұнай жеткізілімін әртараптандыруға кірісті. Осы мақсатта ел президенті әкімшілігінің басшысы Кан Хун Сик Қазақстан мен Парсы шығанағы елдеріне ресми сапар жасауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі Yonhap басылымына сілтеме жасап.
Сапардың негізгі мақсаты – шикі мұнай мен нафта тасымалындағы ықтимал үзілістердің алдын алу. Қазіргі таңда Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасы іс жүзінде тоқтап тұр. Ал АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қатысты қатаң мәлімдеме жасап, бұғаз ашылмаса, ауыр салдар болатынын ескерткен.
“Кан Хун Сик президенттің арнайы өкілі ретінде Қазақстан, Оман және Сауд Арабиясында үкімет өкілдерімен, энергетикалық компаниялармен және кеме операторларымен келіссөздер жүргізеді. Кездесулер барысында Оңтүстік Корея порттарына мұнай жеткізілімін тұрақтандыру және медициналық өнімдер секілді маңызды тауарлардың үздіксіз тасымалын қамтамасыз ету мәселелері талқыланады”, – делінген ақпаратта.
Оңтүстік Корея билігінің мәліметінше, ел әлі де Таяу Шығыстан импортталатын мұнай мен нафтаға тәуелді. Нафта – мұнай-химия өндірісінде кеңінен қолданылатын маңызды шикізат. Осыған байланысты үкімет жеткізілім қауіпсіздігін басты басымдық ретінде қарастырып отыр.
Бұған дейін Сеул Біріккен Араб Әмірліктерінен 24 миллион баррель мұнайды басымдықпен жеткізу жөнінде келісім жасаған. Қазіргі таңда бұл ресурстар Оңтүстік Корея порттарына жеткізіліп жатыр.
Сонымен қатар, ел билігі Ормуз бұғазында тұрған Оңтүстік Корея туы бар 26 кеменің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын күшейткен. Экипаж мүшелерінің қауіпсіздігі де басты назарда. Ақпан айының соңында АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған шабуылдарынан кейін аймақтағы жағдай шиеленісіп, көптеген кемелер бұғазда тұрып қалған.
Соңғы деректерге сәйкес, Оңтүстік Корея мұнайдың шамамен 70%-ын Таяу Шығыстан импорттайды. Бұл елді жеткізілімдегі үзілістер мен баға тұрақсыздығына тәуелді етеді. Сондықтан Сеул балама бағыттарды іздеуге және энергия көздерін әртараптандыруға ерекше мән беріп отыр.
Айта кетейік, бұған дейін жапондық INPEX компаниясы Қазақстан мен Әзербайжан мұнайының бір бөлігін ішкі нарыққа қайта бағыттау мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлаған еді.








